Қарағанды облысында полиция капитаны киіктерді қырып тастады. Рейдтік тексеру барысында Қызыл кітапқа енген ақбөкендерді заңсыз атқан Ұлытау аудандық Ішкі істер бөлімінің полициясы болып шықты.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мәлімдеуінше, ақбөкендерді аяусыз қыру оқиғасы 25 желтоқсан күні анықталған. Инспекторлар Нұра ауданы Жанбөбек ауылынан 30 шақырым жерде бұзылған Toyota Land Cruiser 100 және Toyota Land Cruiser 80 маркалы екі автокөліктен 18 киіктің етін тапқан. Браконьерлерді іздеу, із кесу шаралары барысында Алғабас ауылының участкелік полициясының қорасынан атылған 12 киіктің тушасы табылды.
«Осы іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Киікті атқаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бірақ сот шешімі бойынша ол өз жазасын алады. Әзірше тергеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.