Магнитогорскіде үй опырылуы салдарынан қаза тапқандар саны 38-ге жетті

03.01.2019 21:16

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Магнитогорск қаласындағы апатқа байланысты Ресей федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айту жедел хатын жолдады.

Төтенше жағдайдан қаза тапқандар саны 38-ге жетті. Оның алтауы бұғанасы қатпаған бала. Үйіндінің астынан шығарылған соңғы адамның мүрдесі кім екені әлі анықталмапты. Жантүршігерлік апат Жаңа жыл қарсаңында болған еді. Қайтыс болған адамдардың отбасыларына жергілікті билік қандай көмек көрсетіп жатыр? Барлығы 120 адам тұратын үйдің қанша тұрғаны әлі үйіндінің астынан іздестірілуде?

31 желтоқсан. Магнитогорск қаласы Карл Маркс даңғылындағы 164-ші үйдің тұрғындары алаңсыз ұйқыда жатқан еді. Кенеттен бір кіреберіс шатырымен қоса толығымен опырылып түседі. Апат болған аймақта 120 адам тұрыпты.

Құтқарушылар кеше үйінді астында 1 жарым тәулік бойы жатқан 10 айлық баланы алып шықты. Абырой болғанда шақалақ көрпеге оралып, төсекте жатқан екен. Апат болған жерге жылытқыш құрылғы арқылы ыстық ауа тоқтаусыз жіберіліп тұрғанының арқасында бүлдіршін аман қалыпты. Ваня Фокиннің тек аяғын үсік шалып, басы жарақаттанған.

«Мен құтқаруышылармен бірге баламды іздедім. Ваняның жатқан жерін көрсетіп, үйінді астынан шығарып алдық. Енді бар үміт дәрігерлерде», – дейді сәбидің әкесі Евгений ФОКИН.

Евгений Фокин апат орын алған күні жұмыста болған. Жұбайы «екі баламен ұйықтап жатқанда төмен қарай құладық» дейді. Барлығы қас-қағым сәтте орын алғанын айтады.

«Үлкен ұлым екеуіміз диванда жатқанбыз. Ал кіші ұлым төсекте болған. Қабырға опырылып түскен кезде Ваняның қайда кеткенін білмей қалдым. Балам қайтыс болды деп ойлағанмын. Алайда әкесі құтқарушылармен бірге тапты. Қуанышымда шек жоқ», – деп көзіне жас алады Ольга ФОКИНА.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төтенше жағдайға байланысты Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айту жедел хатын жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақ екенін және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін жеткізді.

Апат салдарынан 48 пәтер қираған. Алдын ала мәлімет бойынша үйдің опырылуына газдың жарылуы себеп болуы мүмкін. Магнитогорск қаласының губернаторы қайтыс болған жандардың отбасына 1 миллион рубльден қаржылай көмек көрсетілетінін жеткізді.

Апат болған жерде әлі де іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені, жарыс болған үйде кем дегенде, 120 шақты адам тұрған. Бүгінде олардың 38-інің жантәсілім еткені белгілі болды. Ал 30 шақты тұрғынның қаншалықты аман екені әлі белгісіз. Оларды 1 200-ден астам құтқарушылар іздестіруде.


Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы