Алматы облысында 7 баласымен моншада тұрып жатқан отбасыға кәсіпкерлер үй салып берді

Алматы облысында 7 баласымен моншада тұрып жатқан отбасыға кәсіпкерлер үй салып берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында жеті баласымен моншада тұрып жатқан отбасына шенділерден бұрын, кәсіпкерлер қол ұшын созды. Бірі жер әперді, екіншісі үйдің іргетасын құйды. Тағы көптеген қайырымды азаматтар кірпіш қалап, бүтін баспананы сыйға тартты.

Бөтеннің жуынатын моншасын он жылдан бері паналап келген әулет Жаңа жылды жаңа отауда қарсы аламыз деп мәз. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап Stan.kz порталы жазады.

Бір жыл бұрын Ерасыл кішкентай бауыры туғанда үй ішін түгендеп, бөпесіне жатар орын іздеген еді. Бөтеннің сыз тартқан тар моншасын паналаған әулетке аудан шенділері қант, майынан басқа береріміз жоқ деп шығарып салғаны бар. Жеті баланы құшақтаған ана содан бері әркімнің босағасын жағалап, үкіметтің 14 мың теңгелік жәрдемақысына күн көрді.

«Көмегі жоқ қой. Әкімің қашып жүр, үйге келмейді. «Күмістің» бергені 14 мың теңге. Алты баланы бақ дейді. Жете ма? Мысалы 14 мың теңгемен үкіметте отырғандар осындай жерде отырып баға алама менің айтатыным» – дейді «Алтын алқа» иегері Гүлбану Ысқақова.

Шенділерге назын айтып жылаған көпбалалы отбасына ақыры атқамінерлер емес, теледидардан көрген әрбір қайырымды азаматтар қол ұшын созып, керегін әперуде. Енді Жаңа жыл қарсаңында көздері мөлдіреп, бір баспананы армандаған балақайларға жеке кәсіпкер үй соғуға көмектесіпті.

«Барлық көмектескен азаматтарға алғысым шексіз. Жаңа жылда жаңа баспана, қуанып жатырмыз» ,– дейді «Алтын алқа» иегері Гүлбану Ысқақова.

Қуанышы қойнына сыймаған әулеттің баспанасы 130 шаршы метр. Енді жатарға орын таппай қиналып, қайта қайта аурушаң болған балалардың да әрқайсының өз бөлмесі бар. Отбасына бірі жер әперген, екіншісі іргетасын қалапты.

«Міне, бес ай ішінде мұқтаж отбасына үйді аяқтап та біттік» ,– дейді Зекет қорының Алматы облысы бойынша өкілі Нұрғали Исмаиылұлы.

Жаңа жылды жаңа қоныста тойлауды жоспарлаған отбасы бұл балалар үшін ұмытылмас сыйлық болды дейді.

Новости партнеров