Таразда нан бірден 10 теңгеге қымбаттап кетті

20.11.2018 15:29

Таразда бөлке нан бағасының бірден он теңгеге өсіп, 65 теңгеден 75 теңгеге қымбаттауына байланысты нақты жұмыстар қолға алынып, баға қайта қалпына келтірілді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желілерде «Тараз қаласында нан бағасы қымбаттап кетті» деген мәлімет таралып,  түрлі пікірлер айтылуда. Таралған ақпаратта бір бөлке нанның құны 65 теңгеден 75 теңгеге өскені көрсетілген. Бүгінде ол баға қайта қалпына келтіріліп, бақылауға алынды. Алайда, ол ас атасының құны біржола тұрақтанды деген сөз емес. Бұл бойынша нақты мониторинг жүргізіліп, жуық арада нақты шешім қабылданбақ. Ол туралы  облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев айтты.

«19 қараша күні қаладағы сауда орындарында нан бағасының қымбаттағаны туралы мәлімет тарады. Барлық сауда орындары мен дүкендерге мониторинг жүргізіліп, екі ірі нан өндірушінің өткізу бағасын 10 теңгеге көтергені анықталды. Ол алдын ала жергілікті билікпен келісіліп, қабылданған шешім емес. Сондықтан шұғыл жиын өткізіп, қаладағы нан өндіруші 8 жеке кәсіпкермен кездестік. Олар бидай мен ұн бағасының өсуіне орай нан бағасын да көтеруді сұрап отыр. Сол арқылы жұмысшылардың айлығын өсіріп, өздерінің техникалық жағдайын жақсартпақ. Біз олармен ортақ келісімге келдік»,- деген басқарма басшысы алдағы 6-7 күнде нан зауыттарының жұмысы мен табысына хронометраж жүргізілетінін жеткізді.

Сол бойынша олардың нақты табысы мен шығындары есептеледі. Осыдан кейін ғана нақты шешім қабылданбақ. Шешім шыққанша нан 65 теңгеден сатылады. Белгіленген уақыт аралығында бағаның өсіп кетпеуін тиісті орындар қадағалауда ұстайды.

Берік Болатұлы ұн бағасының өсіміне орай алдағы уақытта бір бөлке нанның құны 2-3 теңгеге өсуі мүмкін екенін де жасырмады.

Айта кету керек, 22 қазандағы жағдайға сәйкес бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген 1 кг нанның құны Таразда 100 теңгені құраған. Бұл - республика көлеміндегі ең арзан баға. Ал, бір бөлке нанның салмағы 600-650 граммды құрауы тиіс.  

«Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында қаржылай сақталған 717 мың бөлке нан бар.  15-20 күн аралығында 17 мың нанды өткердік. Ол арнайы дүкендерге 55 теңгеден жеткізіліп, 58 теңгеден сатылуда.  Сонымен қатар, тұрақтандыру қорында 417 тонна ұн бар. Қажет болса, басқа да қолдау көрсетуге дайынбыз», - дейді басқарма басшысы.