Калияфорниядағы өрттен бір қала тұтастай өртеніп кетті

Калияфорниядағы өрттен бір қала тұтастай өртеніп кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

АҚШ-тың Калифорния штатында орман өртінің салдарынан 25 адам көз жұмып, 228 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Тағы 250 мың адам өз үйін тастап қашуға мәжбүр болды.

Бұл туралы ВВС агенттігіне сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Қазіргі уақытта Калифорнияда 3 ірі өртті ауыздықтау қиынға соғып отыр. Олардың бірі Солтүстік Калифорниядағы өрт штат тарихындағы ең ірісі болды. Жергілікті билік мәліметінше, қызыл жалын 42 мың гектар жерді шарпыған. Тілсіз жау салдарынан 23 адам көз жұмды. Өрт Парадайс қаласы мен қала шетіндегі 7 мыңға жуық құрылыс нысанының тұтастай күл-талқанын шығарды.

Сонымен қатар, Оңтүстік Калифорнияда тағы екі өрт орын алды. Олар Лос-Анджелес қаласы мен Вентура округінің аудандарына да жеткен. Олардың бірінің өрт аумағы 28 мың гектар жерді қамтыса, екіншісі 1,8 мың гектарды шарпыды. Қызыл жалын Тынық мұхиты жаққа жайлап, жағалаудағы аудандарға, соның ішінде танымал Малибу курортына қауіп төндіруде.

Штатта төтенше жағдай режимі жарияланды. Өрт сөндірушілердің болжамы бойынша, өртті бақылауға алу үшін 3 аптаға жуық уақыт қажет.

Лос-Анджелестің солтүстік-батысындағы Таусенд-Оукс қаласының маңында да өрт шықты. Бастапқыда бұл жерде 75 мың адам эвакуацияланды. Алайда, қазір Таунсенд-Оукстың батысындағы елді мекендердегі, солардың қатарында Малибу курортындағы тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр.

Ал 26 мың тұрғыны бар Парадайс қаласынан мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді.

«Қала бос қалып, күл-талқаны шықты», – дейді Калифорнияның орман шаруашылығы және өртке қарсы күрес департаментінің өкілі Скотт Маклин.

Калифорнияда жалпы саны 16 белсенді өрт тіркелді. Штаттың солтүстік бөлігінде дабылдың қызыл дәрежесі жарияланды.



Новости партнеров