Назарбаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығын қорытындылады

09.11.2018 20:34

Астанада өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының кеңесінде заңсыз көші-қонға қарсы тұру жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген құрамда өткен жиын барысында Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалығы кезінде қол жеткізілген нәтижелері жөнінде айтты. Мәселен, Дағдарыс кезінде әрекет ету орталығының қызметіне толық кірісу үшін әзірлік жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіруші кеңес құрылды.

Айта кетейік, жиында кеңес мүшелері халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Ұйымға Қазақстаннан өзге, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения мүше.  

«Біз мемлекеттеріміздің қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзара іс-қимылының барлық дерлік мәселелерін қарастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмастық. Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық етуіне орай басымдықтардың қалай іске асқанын қорытындыладық», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.