Түркістан облысының 29 жастағы тұрғыны өзінен 21 жас үлкен ер адамға тұрмысқа шығып, тоқал атанған, деп хабарлайды «Алаш айнасы» порталы.
Өз сөзінде ол тоқал болғаны үшін қатты өкінетінін, алайда күйеуінен кете алмайтынын айтты.
Әйелдің сөзінше, күйеуінің бірінші әйелі кіші қызымен бірге тұрады екен. Ал үлкен қызы шетелде білім алып жатыр.
Әйел күйеуінің отбасы туралы біле тұра, тұрмысқа шығуға келісімін беріпті. Алайда, ол ендігі өмірден өз орнын тапқысы келеді. Айтуынша, күйеуі онымен ажырасуға қарсы.
«Күйеуім мені жібермейді. Маған үнемі: «Сенің менің тоқалым екеніңді бәрі біледі. Ендігі сен ешкімге керек емессің. Саған ешкім үйленгісі келмейді. Менсіз өмір сүре алмайсың, жезөкше болып кетесің», – деп айтады», – дейді әйел.
Сонымен қатар, ол бастапқыда күйеуінің байлығына қызыққанын мойындады. Енді жас қыздарға абай болуға кеңес беруде. «Тұрмысқа шыққаннан кейін өмір өзім ойлағандай тәтті бола қоймады», - дейді ол.
«Қыздар, менің қателігімді қайталамаңдар! Біреудің күйеуіне қызығудың керегі жоқ. Ақша туралы ойламаңыздар. Мен сияқты қыздардың сырты ғана әдемі, ал жаны… Олардың жаны қиналып, жүрегі қан жылайды», – дейді ол.