Алматыда смартфондар хоры күй төкті

19.10.2018 15:40

Алматыда «Цифрлық күз» ерекше шарасы басталды. Концерт кезінде музыканттар смартфоннан күй төкті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері сахнаға шығып, концерт қойды. Бірақ, олар әуенді музыкалық аспапта емес, смартфонда ойнады.

Басында әуенді смартфондар хоры мен солистер орындаса, одан кейін әуенге зал да қосылды.

Кейін белгілі болғандай, цифрлық музыка Faust бағдарламалау тіліндегі қосымша арқылы жасалған.

Телефонның кеңістіктегі орналасуына байланысты қосымшаның дыбысы өзгеріп отырады.

Grame: Smart Faust - композиторлар, музыка авторлары, орындаушылар, әртістердің басын қосып, инновациялық музыка жазуға арналған алаң. Әр маусым сайын мұнда 20 әлемдік композитор жиналып, шығармашылық резиденция ұйымдастырады.

Биылғы «Цифрлық күз» шарасы барысында 10 секция ашылады.

Бұл бағдарламаларға қатысатын француз композиторлары қазақстандық студенттерге цифрлық музыка тақырыбында мастер класс өткізеді.

Аталған шараны Францияның Қазақстандағы елшілігі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Алматы әкімдігі ұйымдастырып отыр.