Күніне 30 қазақстандық «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие алады

24.12.2018 15:42

Мақұлданған несие сомасы 45 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде (қазіргі көлем 44,2 млрд теңге).

2018 жылы «7-20-25» бойынша банктер орташа алғанда бір жұмыс күнінде 30 несиені мақұлдаған деп хабарлады «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ баспасөз қызметі. Ақшалай шаққанда, адамдарға күніне 369 млн теңге берілген, деп жазды bnews.kz.

«2018 жылдың нәтижесі бойынша 7-20-25 арқылы мақұлданған несие сомасы 45 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде (қазіргі көлем 44,2 млрд теңге). Желтоқсан айында бағдарламаға Сбербанк қосылды. Осылайша, жыл соңында 7-20-25 аясында жұмыс істейтін банктер саны сегізге жетті. Олар: Банк ЦентрКредит, АТФБанк, Халық Банк, Цеснабанк, Forte Bank, Еуразиялық Банк, Bank RBK және Сбербанк», - делінген баспасөз хабарламасында.

Ең көп мақұлданған кредиттер Астана қаласында (18 млрд теңгеге 1224 өтінім), ең азы Түркістан облысы (0 өтінім).

Сонымен бірге, ипотекалық ұйымның мәліметінше, биылғы жылдың аяғына дейін қолданыста болған үйлер бойынша кемінде 2 млрд теңге ипотека беру жоспарланып отыр. «Баспана Хит» бағдарламасында Астана қаласы және Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары ерекше белсенді. Елордада 73 тұрғынға 950 млн теңге сомасында келісім берілді. Шығыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 106 млн теңгеге 19 кредит мақұлданды. Тұтас алғанда, «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд теңгеге 192 өтінім мақұлданды.