«Астана банкі» лицензиясынан айрылды

19.09.2018 23:45

Ұлттық банк «Астана банкін» лицензиясынан айырды. Оған төлем және аударым жасау операциялары бойынша келісім талаптарын дұрыс орындамай келгені себеп болған. Қазір қаржы мекемесін тарату комиссиясы құрылғанға дейін уақытша әкімшілік тағайындалған.

Екінші деңгейлі банк бүгіннен бастап банкке түскен ақшаны есепке алуға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің шоттары бойынша барлық операциялар жүргізуден шеттетілді. Ал қызметкерлер уақытша жұмыстан босатылған.  

«Қазір ешқайда жүгінудің қажеті жоқ. Арыз жазу да керек емес. Сот банк агенті кім болатынын шешкен соң, сол екінші деңгейлі банкке жүгіну қажет. Өтініш жазған соң 5 күнтізбелі күннен кейін, банк агентке қаржы төлей бастайды», – деді банк қызметкері.

Ұлттық банк алдағы күндері заңнамада белгіленген тәртіппен аталған мекеменің қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы өтініш жолдамақ. Жеке тұлғалар банктегі салымдарына алаңдамауына болады. Себебі, аталмыш қаржы институты – депозитке міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы.

Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі шыққан жағдайда 14 күннен соң салымшылар ақшасын қайтара бастайды. Оны екінші деңгейлі банктердің бірі жүргізбек. Бұл кепілдіктің ең жоғары мөлшері ұлттық валютадағы депозиттер бойынша – 10 миллион теңге, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңге.  

«Қазақтан депозиттерге кепілдік беру қоры бұл жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, жеке сот орындаушыларына, нотариустарға, адвокаттарға кепілдік береді. «Астана банкінде» 41,2 миллиард теңгелік жеке тұлғалар депозиттері орналастырылған. Соның 37 миллиард теңгесіне кепілдік берген Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтемді төлейтін болады.Салымының 0,1 пайызы кепілдік берген сомадан асып кеткен салымшылар кепілдік берген негізгі сомасын Қазақтан депозиттерге кепілдік беру қорынан алып, қалған асып кеткен сомасын кейін банктің тарату комиссиясынан өндіріп алады», – деді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры департаментінің жетекші маманы Самат ТӨРЕҚҰЛ.