Қазақстанда информатика пәні 1 сыныптан бастап оқытылуы мүмкін. Бұл туралы «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумда ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ZhambylNews ақпараттық агенттігі bilim-all.kz сайтына сілтеме жасап.
Форумның цифрлық экономиканы дамытудың жаһандық трендтері талқыланған жалпы отырысында Эстония премьер-пинистрі Юри Ратас өз елінде робототехника 1 сыныптан бастап балаларға оқытылатынын атап өтті.
«Меніңше, білім беру бұл инновацияның барынша маңызды элементі саналады. Мәселен, Эстонияда біздің балаларымыз бірінші сыныптан бастап робототехниканы оқиды. Бұл өте танымал пән», – деді Юри Ратас.
Өз кезегінде ҚР премьер-пинистрі Бақытжан Сағынтаев Эстонияның мұндай тәжірибесіне қызығушылық танытты.
«Эстонияда бірінші сыныптан бастап робототехниканы оқытуы өте керемет. Біз информатиканы 7 сыныптан бастап оқыттық. Барлық уақытта 7 сынып оқушысы оқытушысынан көп білетіндігін айтып келемін. Біз бағдарламаны өзгерттік және бүгінде информатика үшінші сыныптан оқытылады. Қазір Эстония премьер-министрінің сөзінен кейін бізде ойланатын боламыз, 3 сыныпта кештеу сияқты», – деді ҚР Үкімет басшысы.