Жасөспірім өзін-өзі емдемек болып, дерті асқынған кезде ғана дәрігерлерге барған.
Ақтөбеде жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде 11-сынып оқушысы ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Sputnik.
«Мой ГОРОД» жергілікті порталы хабарлағандай, оқушы менингитпен ауырып қалыпты. Ауруханаға түскен кезде, ыстығы көтеріліп, үсті-басында дақтар пайда болған.
Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиеваның сөзіне сүйенсек, жасөспірім ауыр халде жатыр, бірақ жағдайы бірқалыпты.
Кейінірек белгілі болғандай, оқушы бір аптадай үйде жатып, өзін-өзі емдепті.
«Жасөспірім 25 қарашада ауырған. Бастапқыда суық тию белгілері болыпты – мұрнынан су ағып, жөтеліп, тамағы ауырады. Өкінішке қарай, ол өзін-өзі емдемек болып, ыстығын түсіретін дәрі ішкен», — делінген өңірдің Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті хабарламасында.
Жеті күннен соң жағдайы төмендеп кетеді, сол кезде ғана ол дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Осы жайттан кейін онымен байланыста болған 39 адам тексерілді. Дәрігерлер оларды бақылап отыр.