Павлодарда пәтер өртеніп, 8 адам зардап шекті

Павлодарда пәтер өртеніп, 8 адам зардап шекті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрғындар өртенген заттардың иісінен уланып қалған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Жедел жәрдем станциясына шақырту кеше түнде сағат 22.38-де Сибирская көшесі, 89 мекенжайы бойындағы үйден түскен. Екінші подъездің екінші қабатында пәтер жанған. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем және медициналық апаттар бригадасы жетті.

«Орта дәрежедегі улану диагнозымен бала кезінен сал ауруына шалдыққан 43 жастағы ер адам № 1 қалалық ауруханаға жеткізілді. 71 жастағы зейнеткер орта дәрежеде уланып, № 3 ауруханаға жатқызылды», - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Теміргалиева.

Сондай-ақ орта дәрежеде 48 жастағы ер адам, 16 және 18 жастағы бойжеткендер, 12 жастағы жасөспірім уланған. Олардың барлығы ауруханаға барудан бас тартқан. Тек 72 жастағы қарияда күйзеліс реакциясы анықталған.

Тілсіз жау 15 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндірушілер 58 адамды құтқарды. Олардың 17-сі – бала. Оқиға орнына ТЖД-ден 37 адам, жедел құтқару жасағынан бес адам мен 10 техника шықты. Алдын ала болжам бойынша, электр сымдарының тұйықталуы өрттің шығуына себеп болған. Өрт сағат 23.36-да толығымен сөндірілді.


Новости партнеров