Қостанайда мемлекеттік қызметші телефонына түскен бірлікті бюджетке қайтарды

24.12.2018 15:56

Мемлекеттік инспекция қызметкері дереу болған жағдайды басшысы мен Этика жөніндегі өкілге хабарлаған

Қостанайда белгісіз біреу мемлекеттік қызметшінің ұялы телефонына бірлік салған.

3 мың теңге көлеміндегі ақша Ауыл шаруашылығы министрілігі Қостанай облыстық Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті қызметкерінің телефонына түскен, деп хабарлады Sputnik сайты alau.kz басылымына сілтеме жасап.

Мемлекеттік инспекция  қызметкері дереу болған жағдайды басшысы мен Этика жөніндегі өкілге хабарлаған. Сонымен қатар, Қостанай қаласы Мемлекеттік кірістер басқармасын хабардар етіп, аталған ақша қаражатын мемлекет қазынасына аударған.

«Мемлекеттік қызметшінің әрекетін басшылық пен этика жөніндегі өкіл де, әріптестері де оң бағалады, олардың айтуынша, бұл ең алдымен оның жауапкершілігі мен әділдігін көрсетеді, сонымен қатар барлық мемлекеттік қызметшіге үлгі болады. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек екені Мемлекеттік қызметшілердің этика кодексінде айтылған және бұл жағдай ең алдымен, қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі артқанын байқатады. Бұл – халық арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүргізудің тиімділігін растайтын фактор», — деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қостанай облыстық департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге сыйлықтың кез келген түрін алуға тыйым салынған.