Таяу уақытта Түркістан мен Алматы қаласының арасында жүрдек пойыз бағыты ашылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кездесуде белгілі болды. Өңірге келген «Тұран экспресс» компаниясы мен «Тұран.тв» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков алдымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болып, туризмді дамыту бағытында пікір алмасты. Облыс әкімі тарапынан қолдауға ие болған компания басшысы өңірдің туризмін дамытуға үлес қосатынын айтты.
«Түркістанның облыс орталығы атанғанын қуанышпен қабылдадым. Өзім Кентауда туып-өскенмін. Сондықтан туған жерге қызмет етуге, туристік әлеуетін көтеруге үлесімді қоссам деген ниетпен келіп отырмын. Қараша айынан бастап Алматы мен Түркістан қалалары арасында туристік пойыз бағытын ашпақшымыз. Екіншіден, өзім басқаратын «Тұран.тв» телеарнасы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының көрікті, шежірелі орындары туралы бейнематериалдар, репортаждар, фильмдер әзірлейміз. Осы жұмыстарымыз арқылы Түркістанның туризмін дамытуға үлес қосамыз деген ойдамын. Себебі, қазір саяхатшыларға керегі - жайлы көлік пен қолжетімді ақпарат», - дейді Роман Ботабеков.
Осыған орай, «Тұран экспресс» компаниясы мен Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы және ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік және іскерлік байланыс жөнінде меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, аталған басқармалар мен телеарна арасында да меморандум жасалды.
Аталған пойыз Алматыдан жұма күні шығып, жексенбі күні кері қайтады. Саяхатшы жолаушылар қонақ үй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Әзірше бұл пойыз аптасына 4 рет жүргізілсе, келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар. Сонымен қатар, аталмыш компания Түркістан мен Шымкент қалалары арасында күн сайын қатынайтын пойыз бағытын ашуды да қолға алмақшы. Әкімдіктер тарапынан қолдау тапса, бұл жоспар да жүзеге аспақ.