Алматының Сейфуллин даңғылындағы тергеу изоляторы жабылды

19.11.2018 22:30

Алматының Сейфуллин даңғылында орналасқан тергеу изоляторы жабылды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында салынған ғимараттың әбден тозығы жеткен.

Ғимарат санитарлық, өрт және сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына мүлдем сай болмай шыққан. Бұған қоса, уақытша қамау орны жақын маңдағы тұрғындарға үрей туғызып, әбден құтын қашырыпты. Олар мекеменің алдында күндіз-түні көлік кептелісі болатынын айтып, көліктердің дабылына шағымданған. Мұны ескерген қадағалау органы тергеу орнын ақыры жауып тынды.  

«Тергеу изоляторы қала орталығында орналасқандықтан, қасында орналасқан тұрғындарға ыңғайсыздықтар туғызып келген. Қазіргі уақытта заң талаптарына сәйкес келмейтін мекеме жабылды. Ал ол мекеменің болашақта не болатынын, қалай болатынын әкімшілік шешеді. Ондағы тергеу қамауына алынған азаматтар қазіргі уақытта ЛА 155-18 мекемесіне ауыстырылды», – деді Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Роллан ЯГМУСОВ.

Қазір күдіктілер қоныс аударған ЛА 155/18 мекемесінде жаңа бақылау-өткізу пунктінің құрылысы басталды. Онда қамауға алынғандардың туыстарына күтуге арналған бөлме жасалмақ. Сондай-ақ, адвокаттардың қорғаушыларымен кездесетін кабинеттерінің де саны артпақ. Қазірдің өзінде онда қорғаушылардың кабинет саны 5-тен 18-ге дейін көбейіпті. Ал мекемеге келушілер электронды кезек жүйесі қызметін пайдала алады. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.