Қостанайда ақша бопсалаған полицей ұсталды

06.11.2018 16:07

Қостанайда кәсіпкерді қорқытып, ақша талап еткен 25 жастағы полицей қамауға алынды деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға 3 қараша күні Қостанай қаласында болған.

«Жедел іздестіру шаралары барысында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Қостанай қаласы жол-патрульдік полициясының 25 жастағы инспекторын ұстады. Бұған дейін кәсіпкер әйел полицейдің ақша бопсалағанын айтып, арыз жазған болатын», – деді облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Алтынбек Сүйіншіәлиев журналистермен өткен брифингте.

Аталған факт бойынша ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.