|
12.11.2018 | 17:40
3300

Алматыда түнде қар күреу жұмысына кедергі болған көліктер айып тұрағына жөнелтіледі

Алматыда түнде қар күреу жұмысына кедергі болған көліктер айып тұрағына жөнелтіледі

Алматыда қар тазалау жұмыстарына кедергі келтірген көліктер айып тұрағына жөнелтіледі. Өйткені, коммуналшылар бүгін түнде де тыным таппай, қаланы ақ ұлпадан аршымақ.

Түннен бастап аракідік жауған қардың қалыңдығы шаһар ішінде 4 сантиметрден асқан. Қар күреу жұмыстарына 1 мыңға жуық арнайы техника мен 2 жарым мыңнан астам адам жұмылдырылды. Коммуналшылар көктайғақты болдырмау үшін арнайы қоспалар мен тұз сеуіп жатыр. Жерасты өткелдері мен аялдамалдарға да көңіл бөлініп, жұмысшылар аумақтарды мұз қатпай тұрып дер кезінде тазартуда. Ал синоптиктер алдағы күндері Алматыда тұман түсіп, көктайғақ болатынан ескертуде.

«Синоптиктердің болжамы бойынша, қар ертеңге дейін тоқтаусыз жауады. Сондықтан қар тазалау жұмыстары түнімен жалғасады. Біз тұрғындардан коммуналшылардың жұмысына түсіністікпен қарап, түнде жол жиегіне көліктерін қаңтарып кетпеуін сұраймыз. Өйткені, эвакуаторлар да жұмыс жасайды. Олар қар күреу техникасына кедергі келтірген көліктерді айып тұрағына алып кетеді», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Александр СЕРГЕЕВ.

«Сейсенбі және сәрсенбі күндері қалада қар жаууы күтіледі. Тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Күн қатты суытады. Түн ішінде 15 градусқа дейін аяз тұрады. Ал, күндіз температура -8 градусқа дейін төмендейді», – деді «Казгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының Ауа-райын болжау бөлімінің басшысы Светлана АМАНҚҰЛОВА.

Жалпы, Алматының коммуналшылары биылғы қытымыр қысқа тас түйін дайын. Осы қыста қалада қар тазалайтын жұмысшылар санын 3200 адамға жеткізу көзделуде. Көшелерді 13 мердігерлік ұйымға тиесілі 1200-ден астам арнайы техника тазартады. Ал қаланың жаңартылған көшелерінде жеңіл тракторлар мен көпсалалы Pony машиналары жұмыс істейтін болады. Аталмыш техникалар төселген брюсчаткаларға еш ақау түсірмейді.  Жаяу жолдар мен аула ішін жедел тазарту үшін Пәтер иелері копертативтерінің жұмысы да барынша күшейтілмек.  



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир