Есірткі тасушы шекарашының итін алдай алмайды

27.12.2018 16:11

Семейлік шекарашылар «Ауыл-теміржол» өткізу бөлімшесінде «Алматы-Новосибирск» бағытындағы № 302-пойыздың жолаушысын ұстады, деп жазады Бақ.кз ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вагондардың бірін тексеру кезінде шекарашылардың «Гретта» атты қызметтік иті үстелдердің бірінің үстінде, аузы тығыз жабық тұрған айранның ыдысын меңзеді.

Айранның иесі, 58 жастағы қазақстандық мұқият жабылған пластик бөтелкеден иіс сыртқа шыға қоймас деген сеніммен, салмағы 20 граммдай болатын марихуана есірткісін соған салып, дастарханға қойып қойыпты.

Қулығы іске аспай қалған азамат Семей желілік ішкі істер бөліміне тапсырылды.

Сондай-ақ Қордай шекара отрядының «Қордай-авто» бөлімшесінде өткен түнде Шекарашыларға төлқұжатын тексертіп болып, Қазақстанға кіріп келе жатқан 38 жастағы қырғызстандық ұсталды.

Есік алдындағы шекарашылардың көздерін ала беріп, ол қалтасынан алып шыққан түйіншегін еденге елеусіз тастай салған. Бірақ бұл жәйт шекарашылардың көзінен тыс қалмады. Арнайы үйретілген ит түйіншектің иесін бірден тауып берді. Оның ішінде 3 грамдай гашиш есірткісі бар болып шықты. Ұсталған азамат Қордай аудандық Ішкі істер бөліміне тапсырылды.