Мемлекеттік қызметкерлерге «7-20-25» бойынша баспана алу үшін миллион теңгеден беріледі

08.10.2018 21:45

«7-20-25» бағдарламасымен үй алғысы келетін мемлекеттік қызметкерлерге жеңілдік жасалады. Енді олар баспананың алғашқы жарнасының тек 10 пайызын ғана құйса, қалған 10 пайызын жергілікті әкімдік қаржыландырады.

Осы айдан бастап бюджеттік сала қызметкерлеріне баспана алу үшін 1 млн теңгеден сертификаттар үлестіріледі. Мұндай тұрғын үй сертификаттары мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа әлеуметтік сала мамандарына беріледі. Бірақ жеңілдік қағазының кімге бұйырарын әрі ол қаражатты кері қайтару мәселесін атқарушы билік өздері шешеді.

«Жергілікті әкімшіліктердің өздері шешетін болады. Ол қай жерде беріліп, қай уақытта жаңағыдай қайтарылатынын. Бұл жерде біздің ұсынысымыз бойынша 2 жоба бар. Біріншісі – қайтпайтын көмек беріледі. Екіншісі – ұзақмерзімді несиенің пайызсыз қайтарылымы бар, бірақ несие ретінде берілетін болады», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат АЛТЫНБЕКОВ.

Жалпы, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін 50 мың дана тұрғын үй сертификаты шығарылады. Жыл соңына дейін қазақстандықтарға 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ.

Айта кетсек, аталмыш бағдарлама басталғалы бері 3 мың 500-ге жуық отандасымыз үй алуға өтініш беріпті. Оның 2 мың 100-ін банктер мақұлдаған. Қазір сатылған үйдің соммасы 26 млрд теңгеден асқан. Баспананың басым бөлігі Алматы мен Астана қаласында саудаланып жатыр екен. Ал үшінші орында – Шымкент қаласы.