«Бұтақтан ұстап тұрмын!» Ақтөбеде жоғалған фермердің денесі табылды

06.12.2018 16:17

Ер адам бір айдай бұрын туыстарына қоңырау шалып, жоғалып кеткен, ол көрші ауылға жете алмаған.

Бұтақ өзенінің жағасындағы тоғайдан адамның денесі табылды, деп хабарлады Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі.

«Сейсенбі, 5 желтоқсан күні осы жылдың 9 қарашасында із-түзсіз жоғалған Алдашев Кенжебай Мұханбетұлының мәйіті табылды», — деді полиция қызметкерлері.

Фермердің қалай қайтыс болғаны анықталып жатыр, қажетті сараптамалар тағайындалды.

1964 жылы туған Кенжебай Алдашев Ақтөбенің іргесіндегі Заречный елдімекенінде тұрған. Ол көрші ауылдағы ағасының үйіне шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған.

Туыстарының айтуынша, соңғы рет телефон арқылы хабар берген.

«Аяғым балшыққа батты! Бұтақтан ұстап тұрмын!», — деген Алдашев жақын жердегі көліктің дауысын естіп, жарығын көргенін айтқан.

Ер адамды іздеуге құтқарушылар жіберілді, бірақ олар жоғалған адамды бірден таба алмады.


Дереккөз: sputniknews.kz