Шымкентте төрт ай бұрын жоғалған бала полицияға келіп, бар шындықты айтты

22.11.2018 16:19


Шымкент полициясы мен еріктілер 22 шілдеден бастап іздеп жатқан 12 жастағы бала әл-Фараби ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне өзі келіп, бар шындықты айтты, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Жетінші сынып оқушысы 20 қарашада полицияға келіп, үйінен өз еркімен кетіп қалғанын айтқан.

«Әкесі мен өгей шешесінің қолында тұрып жатқан бала отбасында қысым көріп, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, әрі қарай бұған төзгісі келмеген. Ақыр соңында үйінен кетіп қалуға бел байлапты», — деп хабарлайды Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, әкесі баланың жоғалып кеткеніне бір жарым ай болғанда ғана полицияға арыз берген.

Жасөспірімді іздеген еріктілер оның осы уақыт бойы Алматыда болғанын пайымдайды.

Ювеналды полиция оқиғадан кейін баланың әкесін назарға алды.

Баланы дәрігерлер мен психологтар қарап жатыр. Сонымен бірге ер адам жауапқа тартыла ма және әрі қарай баласын тәрбиелей ала ма деген мәселелер шешілуде.