Елімізде жасы 60-тан асқандар арасында ажырасу саны артып тұр

Елімізде жасы 60-тан асқандар арасында ажырасу саны артып тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде енді жастарды қойып, жасы 60-тан асқан қариялар арасында ажырасу саны артқан, деп хабарлайды Caravan.kz.

Тек соңғы бес жылдың ішінде 12 мыңға жуық зерлі-зайыпты некесін бұзуға бел буыпты. Сорақысы, жылма-жыл бұл көрсеткіш артып келеді. Ұзақ жыл отасқандардың немере сүйер шағында шаңырағының шайқалуына не себеп? Бұған қатысты мамандар не дейді?

Ажырасу қоғамның құлағына сіңіп кеткені сонша әлдекім ажырастым десе, елемей өте шығатын болдық. Онлайн-ажырасу, отау құрып, бір күннен кейін некесін бұза салу, түрлі-түрлісін көрдік. Енді жастарды артта қалдырып, немере сүю бақытына жеткен ата-әжелер де ажырасуды шығарған. Оны АХАТ бөлімінің мамандары да растап отыр. Олардың айтуынша, тек биылдың өзінде егде жасқа жеткен 200-ден астам ерлі-зайыптының шаңырағы шайқалыпты.

«Ажырасқандар арасында жасы ең үлкен ер азамат 64-те, әйел азамат 61 жаста болған. Біз ол кісілерден өтініш жазғанда қандай себеппен некелерін бұзып жатқанын сұраймыз, олар мінездеріміз келіспеді дейді, көбінесе апаларымыз аталарымыз шығып кеткенде «жас ұлғайған сайын бұл кісінің еркелігін көтере алмай жатырмын деп, екі баламызға бөлінеміз, біріміз бір балада, екіншіміз екінші балаға барып тұрамыз» деп айтады», - дейді АХАТ бөлімінің бас маманы Назира Искакова.

«Бос ұяның дағдарысы». Психологтардың айтуынша, отасқандарына 20 жылдан асқан ерлі-зайыптылар дәл осы қиындықты басынан өткізеді. Яғни, балалары ер жетіп, өз бетімен өмір сүре бастағанда, жападан-жалғыз қалған ата-әжелер үшін бірге тұрудың мәні жоғалатын көрінеді.

«Оларда 60 жасқа дейін де ажырасу туралы ойлар туындауы мүмкін. Бірақ бала үшін бірге тұруын жалғастыра беруі немесе адамдардың бір-біріне деген мінезі, көзқарасы отбасылық жағдайда жұмыспен көп байқалмауы мүмкін. 60-тан кейін мысалы, зейнетке шыққан уақытта адамдар жұмыстан босаған шақта өмірлік серігінің ойы, әрекеті  және мінезі айқын көріне бастайды», - дейді психолог Ақгүл Молдабекова.

Сандарға сенсек, елімізде соңғы бес жылдың ішінде 11 700 жұп ажырасып кеткен. Ажырасудың дені ер азаматтардың қалауымен болыпты. Ал әлеуметтанушы Салтанат Оразбекованың айтуынша, мұндай ажырасу еліміздегі онсыз да әлсіз отбасы институтының құлдырауына әкеліп соқтыруы мүмкін.

«Егер отбасы құндылықтарды дәріптемесек, мұндай жайттар артқы толқынға кері әсерін тигізетін болады. Яғни, қазіргі осындай ажырасуларды кейінгі ұрпақ та қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Жауапкершілікті сезінбегендер эгоистік құндылықтарды алдыңғы орынға шығарудың үлгісін көрсетіп кетуі мүмкін», - дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова.

Осылайша, зейнеттің бейнетін көретін шаққа жетіп, ажырасуға бел буатын жұптар жыл санап артып келеді. Мәселен 2016-2017 жылы 60-ты алқымдаған ата-әжелеріміздің 1 132-сі ажырасып тыныпты. «Мұндай жаста ажырасудың соңы ушығып, үлкен проблемаға апармай тұрғанда, мәселені тез арада жүйеге келтіріп, қоғам болып шешуіміз керек»,- дейді мамандар.


Новости партнеров