Павлодар облысында мектеп спорт залдарында түнгі сағат 22:00-ге дейін халықтың спортпен шұғылдануына болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында өңірлік дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев халықты дене шынықтырумен қамту барысында мектептегі спорт залдарға қатысты мәселе туындайтынын айтты.
«Мектеп спорт залдары тек кішкентай балаларды ғана кіргізеді», - деді Марат Айдашев.
Кешкі уақытта 14 жастан асқандарды көбі кіргізбейді. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, адамдардың қауіпсіздігіне жауап беретіндіктен, мектеп спорт залдарын тек кешкі сағат 20:00-ге дейін ғана пайдалануға болады.
Өңір басшысы Болат Бақауов халық түнгі 22:00-ге дейін рұқсат сұрап отырғандықтан, мәселені шешуді тапсырды.
«Қысқы уақытта адамдар не істейді? Спорт залдарды ашыңыздар, айналыссын. Мәселені шешіңіздер. Керек болса еденін ауыстыруға, бояуға, жөндеуге қосымша төлем алыңыздар. Халықты спортпен қамту нәтижелі жұмыс атқаратынымызға байланысты», - деді Болат Бақауов.
Айта кетейік, биыл облысымызда тоғыз айдың ішінде 1124 спорттық шара өтіп, 160 мың адамды қамтыған. Алдағы бес жылда Достық шағын ауданында Баянтау сияқты спорт сарайын ашу, Сарыарқа, Усолка, Екінші Павлодар шағын аудандарын футбол және хоккей корттарымен толық қамтамасыз ету жоспарланған.