Бекшин менингитке шалдыққан науқастарға қатысты пікір білдірді

Бекшин менингитке шалдыққан науқастарға қатысты пікір білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда 19 жастағы студент қыз қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша ол менингитпен ауырған. Иммунитетінің әлсіреуіне жан күйзелісіне ұшырауы да себеп болуы мүмкін екен. Дертке шалдықпай тұрып, бойжеткен оқуын тастап кеткен көрінеді. Ал дәрігерлер бұл осы айдағы бірінші жағдай емес дейді.  

Еліміздің бас санитарлық дәрігері бүгін аяқ астынан тілшілерді жинап, жиын өткізді. Республикада менингит ауруы тағы да тіркелді. Алматы облысына қарасты Қаскелеңде бірден үш оқушы осы дертке шалдыққан. Үшеуі әр жерде білім алады. Біреуінде аурудың ауыр түрі – іріңді менингит анықталса, келесі дерек Ақтөбеден жеткен. 5 жастағы бүлдіршін жұқпалы дертті анасынан жұқтырыпты. Ол тасымалдаушы болған екен.  

«Барлық жағдайда алдын алу шараларын жүргіздік. Алдымен дертке шалдыққан адаммен байланысқа түскендерді анықтадық, олар 10 күнге дейін біздің бақылауымызда болады. Антибиотиктік профилактика жүргізіп, олар оқыған сыныптарға дезинфекция жасаймыз», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН.

Ал Солтүстік Қазақстанда қайтыс болған қыз менингиттен көз жұмды деген болжам бар. Бастапқыда бойжеткенге суық тиген деген диагноз қойылыпты. Бірнеше апта бұрын студент қыз оқуын тастап кеткен көрінеді. Содан жан күйзелісіне ұшырауы мүмкін дейді дәрігерлер.  

«Катаралдық ангина» диагнозы бойынша ем қабылдаған. Кейін оқу орны бойынша Көкшетауға оралып, артынша Солтүстік Қазақстан облысындағы үйінде екі күн болған екен. Жағдайы нашарлаған соң аурухананың көмегіне жүгінген. Қазір зертханалық сараптамалар жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша 5 күннен соң нақты диагнозды айтамыз», – деді Жандарбек БЕКШИН.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің ақпарынша, елімізде соңғы 8 айда менингококк инфекциясын жұқтырған 82 дерек, іріңді менингит бойынша 128 дерек және 466 қауіпті дерт анықталған. Ауырғандардың дені 14 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен, министрлік карантин жариялауға асығар емес.


Азамат Әуезхан, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана




Новости партнеров