Қазақстандағы Кәсіби бокс федерациясы «Канелоның» допингпен «ұсталғанына» қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik.
Қазақстандықтар әлеуметтік желі арқылы Сауль Альварестің допинг сынамасы тағы да оң нәтиже бергені туралы жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ, GGG жанкүйерлері өздері таратқан ақпаратта бокс федерациясына сілтеме берген.
«Кәсіби бокс федерациясы мұндай мәлімдеме жасаған емес. Бізде «Канело» допингпен ұсталды деген ақпарат жоқ», — деді федерация өкілі.
Ал өз кезегінде, Әуесқой бокс федерациясы Головкинді кез келген бастамада қолдайтындарын жеткізсе де, кәсіби боксқа қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.
Геннадий Головкин 15 қыркүйек күні өткен жекпе-жекте алғаш рет кәсіби рингтегі қарсыласынан жеңіліс тапты. Осыдан кейін GGG орта салмақтағы WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық белбеулерден айрылды.
Алғашында жекпе-жек 5 мамыр күні өтуі керек еді. Бірақ Альварестің допинг сынамалары оң нәтиже көрсетуіне байланысты кейінге шегерілді.