Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында əкімдерден ауылдық жерлерде дəрігер тапшылығы мәселесін бақылауда ұстауды сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту жəне медициналық қызметкерлердің біліктілігін, деңгейін арттыру шеңберінде бірнеше іс-шара жоспарланған. Олардың арасында медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу үшін қосымша емтихан енгізіледі. ЖОО мен колледждердің түлектерін міндетті түрде тәуелсіз бағалау заңды түрде бекітіледі. Тәуелсіз бағалау нəтижесінде, біз оқу орындары түлектерін ары қарай жұмысқа тұрғызу мүмкіндіктерін қарастырамыз», – деді Біртанов.
Министрдің айтуынша, əкімдіктердің жас мамандарға əлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша жауапкершілігі күшейтіледі.
«Қазір жас мамандардың 32 пайызы əлеуметтік қолдау алады. Бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу қажет. Құрметті əкімдер, ауылдық жерлердегі кадрлар тапшылығы мәселесі, оларды ынталандыру, əлеуметтік қолдау сіздердің қолдарыңызда. Аталған мәселені жеке бақылауда ұстауларыңызды сұраймын», – деді Елжан Біртанов.
Бұған дейін министр елімізде медицина саласында қандай мамандардың жетіспейтінін айтқан болатын.