Семейде достарымен кездесуге кеткен екі балалы әйел жоғалып кетті

05.12.2018 16:42

Семейде курстастарымен кездесуге кеткен 29 жастағы Елена Свиридованы үш тәуліктен бері іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

2 желтоқсанда әйел белгісіз бағытта үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.

«Жұбайының айтуынша, сол күні барлығы автобуспен әжелеріне бара жатқан. Бірақ Еленаға біреу хабарласып, курстастармен кездесуге шақырған. Ол жақын жердегі аялдамадан түсіп қалған, ал оның балалары мен күйеуі әрі қарай кеткен. Бірнеше сағаттан соң жұбайы хабарласқан. Елена оған кездесуде екенін айтқан. Тағы бірнеше сағат өткен соң хабарласқанда, оның телефоны сөндірулі болған», – деді «Rina.KZ Семей» еріктісі Евгения Павел.

Сондай-ақ, жұбайының айтуынша Елена үйіне барып, киімін ауыстырып шыққан. Ол өзімен бірге ешқандай затын алып кетпеген. Кейін әйелдің WhatsApp-тағы курстастар тобынан шығып кеткені, ешқандай кездесуге бармағаны анықталды.

Келіншектің қайда кеткенін ешкім білмейді. Оны полиция мен еріктілер іздеп жатыр. Айта кеткен жөн, Елена Свиридованың екі кішкентай баласы бар.

Жоғалған Елена Свиридова туралы ақпарат білетіндер болса, мына телефондарға хабарласуға болады: 8-474-349-57-17 немесе 102.