Қазақстандық студент қыз Қытайда қайтыс болды

22.11.2018 16:43

Қытайдың Гуанчжоу қаласында Қазақстанның 23 жастағы азаматшасы қайтыс болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қайғылы оқиға туралы марқұмның Алматыдағы танысы хабарлады. Оның айтуынша, қыз бала қарашаның 20-нан 21-не қараған түні қайтыс болған.

«Жігіттер мен қыздар мессенджерлерде «Динараға көмек» конференциясын ашқан. Ол сонда білім алып, жұмыс істеп жүрген. Қазақстанға келіп тұратын. Онымен бірге Қазыбек есімді жігіт тұратын. Оған қоңырау шалып, ала алмай жатырмыз. Бәлкім ол полицияда түсініктеме беріп жатқан болар. Бізде ешқандай мәлімет жоқ. Оның телефонын да полиция алып кеткен болуы керек. Ол түнде ұйықтап, таңертең тұрмай қалған», - деді жігіт.

Оның айтуынша, Динараның достары мен таныстары қыздың денесін елге алып келу үшін қаражат жинап жатыр екен. Алайда ата-анасының да байланыс телефондары жоқ.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері бұл мәліметті растады.

«Қазіргі уақытта елшілік қыздың денесін Қазақстанға жеткізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарымен айналысып жатыр», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінің өкілі Айбек Смадияров.