KASE: Теңге бағамы нығайып келеді

20.09.2018 16:44

Қазақстан қор биржасында бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясының қорытындысы бойынша теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 359,69 теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Сәрсенбі күнгі сауда-саттықпен салыстырғанда, шетелдік валюта бағамы 3,92 теңгеге төмендеген. Сессия барысында ең төменгі курс 1 долларға - 358,7, ал ең жоғарғысы - 360,5 теңге деңгейінде болған. Сауда көлемі 54,8 млн долларға жетті. Т+1 есебімен сәрсенбі күні доллардың орташа бағамы таңғы сессия қорытындысы бойынша 1 долларға 363,61 теңге, күндізгі сессияда 361,24 теңге, екі сессияның қорытындылары бойынша 361,94 теңге болып, сауданың жалпы көлемі 112,6 млн долларды құраған.

Еске сала кетейік, сәрсенбі күні Қазақстан қор биржасында (KASE) АҚШ долларының орташа бағамы 380,97 теңгеден 377,72 теңгеге дейін - 3,25 теңгеге, бейсенбі күні тағы да 2,28 теңгеге түсіп, 375,44 теңгені құраған еді. Ал, жұма күні 1,98 теңгеге түсіп, 373,46 теңге болса, дүйсенбі күні тағы да 1,56 теңгеге төмендеп, 371,9 теңгені құрады. Ал, сейсенбі күні 1,42 теңгеге төмендеп, 370,48 теңге көлемінде болса, сәрсенбі күні доллар бағамы тағы да 6,87 теңгеге түсіп, 363,61 теңгені құрады.