Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қамауға алынды

06.11.2018 16:47

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттағылардың айтуынша, күдікті екі айға қамауға алынған.

«Ақтау қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының 2018 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Тергеу департаментінің Аманғалиев Серік Қалешұлына қатысты екі айға қамауға алу туралы өтініші қанағаттандырылды», - деп хабарлады соттағылар.  

Соттағылардың айтуынша, Аманғалиев мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне қарсы аса ірі жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері 2018 жылдың 3 қарашасында сағат 18.40-та Ақтау халықаралық әуежайында Аманғалиевті ұстады, оның 115 мың еуро сомасында қаражаты тәркіленді. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі бойынша соталды тергеу жүріп жатыр», - деді баспасөз қызметіндегілер.


Теги: замакима