Алматыда Денис Тенге арналған ескерткіш тақта орнатылды

Алматыда Денис Тенге арналған ескерткіш тақта орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне ескерткіш тақта ілінді. Салтанатты рәсімге кезінде спортшыны қажыр-қайратымен баулыған жаттықтырушысы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Татьяна Тарасова арнайы келді. Әлемге әйгілі бапкер талантты шәкірті туралы естеліктерімен бөлісіп, Денистің Қазақстанды дүниежүзіне танытқан ұлы тұлға екенін айтты. Сондай-ақ, бүгін «Мұз королі» атанған спортшы атындағы қоғамдық қор өз жұмысын бастады.

Қапыда қаза тауып, бүкіл қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған Денис Теннің есімін мәңгі есте қалдыру үшін бүгін спортшының құрметіне ескерткіш тақта қойылды. Мемориалдық тақтайша Назарбаев даңғылындағы мәнерлеп сырғанаушының өзі туып-өскен үйінің тура алдына орнатылды. Салтанатты шараға Денистің жақындарынан бастап, оның өнеріне бас иетін жанкүйерлері көп жиылды. Ал Денис Теннің жаттықтырушысы болған, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Татьяна Тарасова мен танымал мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионова Ресейден арнайы келді. Даңқты бапкер гүл шоқтарын қойып, Денисті көзіне жас алып еске алды.

«Ол – ұлы адам. Туған жерін ешбір мемлекетке айырбастамай, осы елдің даңқын шығарғысы келді. Өкінішке қарай, өзі жақсы көрген елінде өлім құшты. Оның өнерін тамашалаған миллиондаған адам картадан Қазақстан деген елді іздеді. Қазақстанның қайда орналасқанын барлығы біле бермейтін. Денис арқылы көпшілігі осы ел жайында білгені – шындық. Ол халқының даңқты ұлы. Маған онымен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Көп шәкірт тәрбиелесем де, ешкім Денистің орнын баса алмайды. Өйткені, ол өте ерекше адам болды», – деді КСРО еңбек сіңірген бапкері Татьяна ТАРАСОВА.

Расымен де Денис Тенді көпшілік сан қырынан біледі. Ол түрлі додаларда көк байрағымызды желбіретіп, миллиондаған халықтың көкейіне мақтаныш сезімін ұялатқан біртуар жан еді. Сөйте тұра қарапайымдылығын сақтап, кішіпейіл күйінде ел есінде қалды. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортын дамытып, өнердің осы түріне жұртшылықтың қызығушылығын ояту үшін аянбай еңбек етті.

«– Денис Тенді мен Олимпиадаға қатысқан кішкентай кезінен білемін. Мен оның табынушысы болғанмын. Қайғылы жағдайды естігенде қатты жаным ауырды, оның жоқ екеніне әлі күнге дейін сенбей жүрмін...  

– Денис Тен мен үшін, бәріміз үшін нағыз қаһарман! Ол бәрімізге үлгі бола білді...

- Балуан Шолақ атындағы сарайда өткен шығарып салу рәсіміне жиналған халықты көріп, Денис Теннің қаншама халықтың жүрегінде екенін көрдім, оның бізбен мәңгі бірге болатынына сендім...», – деп тебіренеді шараға арнайы келген қала тұрғындары.

Бұған қоса, бүгін Денис Тен атындағы қоғамдық қордың кеңсесі ашылды. Онда мәнерлеп сырғанаушының көзі тірісінде аяқсыз қалған барлық жобалары жүзеге асырылады. Денистің әндері, киноға жазылған сценарийлері жарыққа шығады. Ең бастысы, Денистің басты арманы – Қазақстандағы жас мәнерлеп сырғанаушылардың дамуына жағдай жасалады. Қор қызметкерлері әлемге әйгілі спорт шеберлерін шақырып, жастарға шеберлік сабақтарын ұйымдастырмақ. Ресейлік танымал спорт шеберлері осындай игі іске өз үлестерін қосып үлгерді.

«Денис екеуіміз дос болдық. Ол үнемі көңілді жүретін, қызықты әңгімелерін тыңдай бергім келетін. Өте жан-жақты, барлық жағынан талантты жан болды. Сондай-ақ өте еңбекқор, білімді, мәдениетті және кішіпейіл адам еді. Ондай адамдар өте сирек. Оның жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі қалады. Қазіргі сырғанаған қойылымымды Денистің шоуында орындаған едім. Енді міне, досымның құрметіне арнап биледім. Біз Денис бастаған жобаларды өшірмей, ісін жалғастыруға қолғабыс етуге дайынбыз», – деді Ресейдің мәнерлеп сырғанаушысы Елена РАДИОНОВА.

Туған елінің абыройын асқақтату үшін маңдай терін төгіп, орасан еңбек еткен, бірақ қапияда қыршынынан қиылған Денистің есімін халқы ешқашан ұмытпайды. Осы ретте қалада тұрақты түрде түрлі шаралар өткізілмек. Жергілікті әкімдік жыл сайын Денис Тен атындағы халықаралық турнир ұйымдастырмақ. Сондай-ақ көктемде мәнерлеп сырғанаушыға арнап ескерткіш тұрғызбақшы. Қазір спортшының анасымен бірге болашақ мүсіннің эскизі жасалып жатыр екен.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров