|
30.10.2018 | 11:54
1376

Алматыда гамбургерден уланған бала қайтыс болды

Алматыда гамбургерден уланған бала қайтыс болды

Гамбургерден уланған баланың жүрегінде ақауы бары анықталыпты. Қара жамылған отбасы тұңғыш ұлдарының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Олардың айтуынша, спортпен шұғылданатын ұлдарының жүрегінде ешқандай кінәрат болған емес. Қазір қайғылы жағдайға байланысты тәуелсіз сот-медициналық сараптама тағайындалып, қызметтік тексеріс басталды, деп хабарлайды kaz.caravan.kz.

Көз жасы көл болған ана тұңғыш ұлынан қапыда айырылып қалғанына әлі де сене алар емес. 25 қарашада футбол ойнап келген 9-сынып оқушысы Жаннұр Ержігіттің басы айналып, жүрегі айниды. Ұлының денсаулығына алаңдаған анасы оны емханаға апарғанымен, дәрігерлер асқазанын тазартпай тек укол салып, үйлеріне қайтарыпты. Алайда, баланың беті қарамақ түгілі, одан сайын әлсірейді.

«Әкесі меңгерушіге кіріп, аяқтарынан тік тұрғызған соң әрең дегенде  жатқызады. Дәрігерлер бәрі жақсы, система құямыз деген.  Үйге барып келгенше сап-сау балам реанимациядан бір-ақ шығады. Қалай сонда?», - деді Ж. Ержігіттің анасы Динара Сәрсенбиева.

Дәрігерлер Жаннұрдың демікпесі барын, жүрегінің соғысы жиілеп кеткенін айтыпты. Тіпті, ауданның ақ халаттылары облыстан мамандарды дереу шақыртқан. Алайда ем-домға қарамастан баланың демі кеше күрт үзілді. Марқұмның жақындары қайғылы жағдайға дәрігерлердің салғырттығы әрі біліксіздігі себеп дейді.

«Дәрігердің түсінбестігі  бұл жерде. Оқымаған адамдар отыр. Баланы қалай құтқарып қалу керектігін білмейді», - деді Ж. Ержігіттің анасы Динара Сәрсенбиева.  

Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» керін келтірді. Емдеу мекемесінің ұжымы БАҚ жинап, баланың туыстары сес көрсетті деп шағымданып отыр. Дәрігерлер тамақтан улану диагнозы асқынып, бірден жүрекке әсер етті деп азар да безер.

«Зерттеулердің қорытындысы бойынша жедел инфекциондық миокардит диагнозы қойылды. Ауруханадан тыс дәрігерлер шақырып, тиісті кеңес алдық. Барлық жағдайды жасап, ем-шара қолдануға тырыстық», - деді Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дидар Айтжанов.

Осылайша, аурухананың дәрігерлері «бізден ағаттық кетпеді» деп өздеріне шаң жуытар емес. Алайда, баланың өліміне нақты не себеп болғаны тәуелсіз сот-медициналық сараптама қортындысынан кейін белгілі болады. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы құзырлы орындарға арыз жазып, кінәлі ақ халаттылардың тиісті жазасын алуын талап етіп отыр. Олар Жаннұр Ержігіттің денесін екі күннен кейін жер қойнына тапсырмақ.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир