Алматы қаласының инвестиция көлемі биыл 25%-ға артты – Бауыржан Байбек

29.11.2018 16:55

10 жыл ішінде шаһарымызға 22,2 млрд доллар инвестиция тартылды. Биылғы жылы инвестиция көлемі 25%, соның ішінде шетелдік инвестициялар 24% артты. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Almaty Invest» халықаралық форумында айтты, деп хабарлайды Бақ.кз

Осымен 6 рет өткізіліп отырған бұл форумға елімізден және шетелден мыңнан аса делегат қатысуда. Жиынның ашылуы барысында сөз сөйлеген Бауыржан Байбек, Алматы қаласының бизнес жасауға өте ыңғайлы екендігін айта келе, шаһардың мүмкіндіктеріне тоқталып өтті.

«Алматы экономикасы 35 млрд долларды құрайтын Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполистердің бірі. Қаладағы алпы өңірлік өнім жан басына шаққанда 20 мың долларды құрайды. Қаламызға халықаралық компаниялар инвестицияны белсенді құюда. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіздік жылдарында мегаполис экономикасы 100 есеге, халық табысы 20 есеге артты. Бүгінгі күні қала экономикасының 86% сауда және қызмет көрсету құрайды. Шағын және орта бизнестің үлесі 40%, яғни Алматыда мұнайдан тәуелсіз тұрақты экономика қалыптасқан», – деді шаһар әкімі.

Сондай-ақ ол, осыған дейінгі форумдар аясында жалпы сомасы 1 млрд долларды құрайтын 40-тан астам меморандумға қол қойылғанын және қазірге дейін жалпы құны 400 млн құрайтын 12 жоба іске асып жатқанын айтып өтті.

«Алматы мың жылдық тарихы бар шаһар. Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі нарық. Алматы өмір сүру мен бизнес жүргізуге қолайлы қала. Бүгіннің өзінде қала экономикасындағы мемлекеттік үлесі 2,4%. Мұнда еліміздегі ірі салық төлеуші компаниялардың үштен бірі орналасқан, 30-дан астам Транс ұлттық компания, бірлескен кәсіпорындардың 43% және ірі халықаралық ұйымдар бар», – деді Бауыржан Байбек.