Алматы-Қостанай пойызының жолаушылары теміржол көлігінен алып бірқазанды байқады. Ірі құс үшін тұтас купе жалданыпты. Қызыл кітапқа енген құсты күнде көре бермейтін жолаушылар мұндай көрініске ерекше таң қалған. Ал бірқазан керісінше, кербезденіп, пойызда өзін еркін сезінген. Қанаттыны бүгін таң сәріден Алматы зообағының қызметкерлері күтіп алды. Ерекше құс купеге қалай тап болған?
Алматыға кәдімгі жолаушылар сынды, купемен келген бұл бірқазанды қаланың зообақ қызметкерлері құшақ жая қарсы алды. Ветеринарлар пойыздан түсе сала, құсты баладай мәпелеп, жылы жапқышпен орады. Көп күттірмей бірден зообақтағы жаңа үйіне алып кетті. Алып құс Алматыға ұзақ жолды артқа тастап, Қостанайдан жеткізілген. Жол бойы пойыздағы жолаушылардың барлығын таңдай қақтырған бірқазанның бастан кешкен оқиғасы да ерекше.
Жылы жаққа бет алған құс үйірінен айырылып, ұша алмай қалған екен. Өздігінен қалықтауға қауқары жетпей әбден әлсеріген бірқазан, осыдан 2 апта бұрын Қостанай тұрғынының тура төбесіне құлап түскен. Бұрын-соңды сирек кездесетін бірқазанды өз көзімен көрмеген Елена әбден сасқан. Құсты дереу үйіне жеткізіп, оны оңалтуға барын салыпты.
«Ол өте әлсіз, жеп-жеңіл болды. Тамақ жемек түгілі, басын көтеруге де шамасы жоқ еді. Үйіме апарып, жылы жерде ұстадық. Тірі балық әкеліп, турап бердім. Күтім көрген құс өз-өзіне келе бастады. Тамағын да өзі жейтін болды. Біз отбасымызбен оны Халиф деп атадық», – деді Қостанай қаласының тұрғыны Елена ЗЕЛЕНОВА.
Бірқазан қалпына келген соң Елена құсты Қостанайдағы тәлімбаққа өткізуді ұйғарыпты. Алайда, ондағылар жылы орынның жоқтығын сылтау етіп, қанаттыдан бас тартқан. Осыдан соң Елена Алматының зообағына хабарласып, мән-жайды түсіндірген. Зообақ қызметкерлері бірден келіншектің жолақысын төлеп, жыл құсын қуана қарсы алатынын жеткізіпті.
«Менің арт жағымда тұрған мына бірқазан жақында Талғар маңына құлап қалған. Ал күлгін түстісі Астана маңындағы ауылда ұша алмай жүрген. Мейірімді тұрғындар хабарласып құстарды бізге өткізді. Соған қарағанда биыл бірқазандар кеш жұмыртқалап, балапандары толық жетіліп өспей қалған. Барлығы ұша алады, бірақ қанаттары әлсіз», – деді Алматы қаласы зообағы Құстар бөлімінің зоотехнигі Елена ПОТАПЕНКО.
Мамандардың айтуынша, Халиф өзінің үйірімен бірге Үндістан немесе Қытай сынды жылы жақтағы елдерге бет алған. Алайда, қатаймаған қанаты ұзақ сапарға шыдас бермеген. Дегенмен, зообақ қызметкерлері құсқа жақсы күтім көрсетуге уәде беріп отыр.
Зообақ қызметкерлері жаңадан келген бірқазанды өзгелерден оқшаулап, жеке вальерге салып қойды. Мұнда Халиф шамамен, бір айдай карантинде тұрады. Егер жағдайы жақсы болса, өзге бірқазандардың жанына қоныс аударады.
Орта есеппен, күніне 2 келіге жуық тірі балықпен қоректенетін бірқазандар Халықаралық Қызыл кітапқа еніп, ерекше қорғалады. Айта кетсек, Қостанайдан келген Халифті қосқанда Алматы зообағындағы бірқазандар саны жетеуге жетті.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы