Ескендір Сүлейменовтің өлімі: сотталушыға қатысты үкім шықты

Ескендір Сүлейменовтің өлімі: сотталушыға қатысты үкім шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Олжас Сүлейменовтың немересіне қатысты сот ісіне бүгін нүкте қойылды. 26 жастағы Ескендір Сүлейменовтің өліміне себепші болған Малика Мұхитова сот үкімімен екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Етеріңізге сала кетсек, жол көлік оқиғасы биылғы жылдың 22 маусымында орын алған. Мәңгілік ел даңғылымен келе жатқан мотоцикл Керей, Жәнібек хандар көшесінің қиылысына шыққан бетте Hyundai маркалы автокөлікпен қақтығысады. Соның салдарынан мотоцикл тізгінінде болған Ескендір Сүлейменов, яғни танымал жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі мерт болады.

Атап өткен жөн, жол көлік апаты орнындағы барлық алғашқы тергеу амалдарында Малика Мұхитова бастан-аяқ болған. Барлық қажетті медициналық куәландырудан өтті. Талдау нәтижесі жүргізушінің қанында қандай да бір есірткілік, алкогольді, психотропты заттардың болмағанын көрсетті. Мұхитова өз кінәсін толық мойындап, марқұм болған азаматтың ата-анасынан кешірім сұрап, қайырыммен қарауды өтінді.  

«Сот Мұхитова Малика Қайратқызын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, қауіпсіздігі минималды түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру және бес жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шығарды», – деді судья Қанат ТОБАҒАЛИҰЛЫ.

Малика Мұхитова, сондай-ақ сот процесі кезінде жұмсалған 324 мың теңгелік процессуалдық шығынды өтемек. Сотталған азаматшаның қорғаушысы үкімді жұмсарту үшін қолынан келгенін жасайтынын айтады.  

«Сот зардап шегушінің де қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін деген айыпты іс-әрекетін ескеруі тиіс еді. Алайда, бір де бір жағдай айтылмады. Менің ойымша, оның тарапынан да жол жүру ережесінің бұзылуы орын алған», – деп пікір білдірді М. Мұхитованың қорғаушысы Дмитрий КУРЯЧЕНКО.



Новости партнеров