Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу амалдары тәмамдалды. Бұл туралы бүгін Парламент сенатында еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, Олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді 19 шілде күні Алматы қаласында бәз біреулер пышақтап кеткен болатын. Оқыс оқиға Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында болған еді. Өте ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған. Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерге іздеу салынды.
Бұл шараға мәнерлеп сырғанаушының достары, таныстары мен жанкүйерлері, жалпы қайғылы жағдайға бей-жай қарай алмайтын жандар да атсалысқанын атап өту керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Қылмыс жасады деген күдікпен үш азамат ұсталып, үш ай бойы сотқа дейінгі қамауда отыр.
«Біз қылмыстық істі тергеуді аяқтадық. Бүгінде іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр. Шара ұзаққа созылғандықтан, тағы 15 күнге ұзартуға тура келді. Материалдармен танысу аяқталған соң бірден сотқа жолдаймыз», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.
Сондай-ақ, Қалмұханбет Қасымов журналистерге тәртіп сақшыларының жаңа формасы жайлы да айтты. Соңғы рет полицейлердің формасы 2001 жылы ауыстырылыпты. Оны өзгерту мәселесі ыңғайсыз болуына байланысты туындаған екен. Мәселен, министр тәртіп сақшылары белбеу таққанда қаруды асып жүру бірқатар қиындық туғызатынын айтты. Форманы жетілдіруде Канада мен Дағыстанның тәжірибесі ескеріліпті. Жаңа үлгідегі киімнің 98 пайызы отандық өнімнен тігіледі екен. Қалмұханбет Қасымов соңғы кездері әлеуметтік желілерде өріп жүрген форма фотосуреттеріне қатысты ойын білдірді.
«Біз бұл форманы бір жыл бойы жетілдіріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғастырылады. Бұдан соң, жалпыхалықтық назарға ұсынып, барлық пікірлерді ескеріп қана енгіземіз. Ал интернеттен құрылысшыларға арналған формаға ұқсас киімді көріп, оны шатастырсаңыздар, бұл сіздердің проблемаларыңыз. Ол суреттердің бізге еш қатысы жоқ!», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.