6 адамды өрттен құтқарған полицейге алматылықтар алғыс айтты

11.01.2019 16:59

Алматы тұрғындары өрттен 6 адамды құтқарған полиция қызметкеріне алғыс айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 8 қаңтар күні түнде Абай-Тілендиев көшелерінің қиылысындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған. Полиция басқармасының Метрополитен патрульдік полициясының сержанты Әлімқыдыр Әділет төтенше жағдай болған күні кезекшілікте болған.

Қызыл жалынның шарпуынан аман қалған тұрғындар тілсіз жаудың қаупіне қарамастан үйге кіріп кеткен полицей қызметкеріне тағы да алғыс білдірді.

«Өрт болғанда мен кішкентай баламен үйде отырғанмын. Көршілерімнің бәрі газ баллонымен тамақ пісіреді. Газ баллоны жарылса, біздің үйге шарпуы мүмкін деген ой маған маза бермеді. Тез арада балама киім кигізіп, өзім де сыртқа шығып кеттім. Жас полиция қызметкері шланга алып өртті өшіріп жүргенін көрдім. Ол өртеніп жатқан үйден 2 газ баллонын дөңгелетіп шығарды. Сосын бізге келді де, баланы қолына алып, метроның ішінде отыра тұруға кеңес берді. 1 сағаттан соң полицей қызметкері келіп, өрт сөндірілгенін хабарлады. Мен оның аты-жөнін, шенін білмеймін, бірақ сонда да алғыс айтқым келеді», - деді көрші үйдің тұрғыны Айгүл  Әсембекова.

Өртенген үйге жапсарлас орналасқан техникалық қызмет көрсету орталығының иесі де полицейлерге рахметін жаудырды.

«Өрт басталғанда біз жолдасым екеуміз ғимарат ішінде болғанбыз. Өрт болған аймақты қоршамай тұрып, көршілерді үйінен шығарып жүрген полицейді көрген болатынбыз. Түн ішінде адамдар өздері шыға қоюы екіталай еді», - деді әйел.

«Көрші үйден өрт шыққан соң бірнеше минуттан соң біздің үйімізді полиция қызметкері тақылдатты. Өртті сөндіріп болғанша үйден шыға тұруымызды өтінді. Біз балаларымызды киіндіріп далаға шыққан кезде басқа жедел қызметтер келіп үлгерді. Полиция қызметкері мені жедел жәрдем көлігіне дейін кіргізді. Оған көп рахмет»,- деді жергілікті тұрғын.