Келінінен өш алу үшін кейуана немересін тірідей көміп тастаған

13.12.2018 16:59

Тәжікстанда өз немересін тірідей көміп тастаған 58 жастағы кейуана тұтқындалды. Хатлон облыстық сотының шешімімен Ходжарой Ашурова бас бостандығынан айырылды. Енді ол 18 жылын темір тордың ар жағында өткізеді.

Бұл туралы «Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне» сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Оқиға 12 қыркүйекте Навобод ауылында орын алған. Кейуана 3 жасар немересін жерге тірідей көміп тастаған. Бүлдіршіннің мүрдесі арада 6 күн өткен соң табылған.

Белгілі болғандай, ол мұндай әрекетке бір кездері келінімен арадағы араздық үшін барған екен. Осылайша, ол өшін туған немересінен алған.

Прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда, судья Ашурованы 18 жылға қамау туралы үкім шығарды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізетін болады.