Алматы-1 теміржол вокзалында заңсыз орнатылған 12 лоторея аппараты сүрілді

28.12.2016 14:38

Алматыда заңсыз ойын аппараттары көп. Бүгінде дүкендерде тұратын лотерея терминалдарында лицензия жоқ. Оңай ақша табамын деп азартқа берілген азаматтардың талайы қалтасынан қағылған. Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері көлеңкелі ойын бизнесімен айналысатындарға рейд жасады.

Алматы-1 теміржол вокзалы терминал иелері үшін көлеңкелі кәсібін дөңгелетуге ең қолайлы жердей көрінеді. Мұнда лоторея арқылы ойын ойнап, бағын сынап көрушілер жетіп артылады. Дегенмен мемлекеттік кірістер департаменті аталмыш аппараттан ұтыс ақысын мүлдем алу мүмкін еместігін айтты.

«Алдарыңыздағы лоторея терминалы. Қазір ғана оған ақша құйылды және 1950 теңге ұтыс шығып тұр. Яғни 1000 теңге салынды, ұтыс - 950 теңге. Бірақ ешқандай төлем жасалған жоқ. Әрі қарай бұл терминалда «лицензия» деп жазылған терезе бар, бірақ онда ештеңке көрсетілмеген. Демек аталмыш кәсіптің мүлдем лицензиясы жоқ деген сөз», - деді  Алматы қ. МКД экономикалық тексеру жұмыстары бөлімінің қызметкері Диас ТОБАТАЕВ.

Қадағалаусыз кәсіп, әрі мол пайдаға оңай жолмен жету қалада дендеп тұр. Кез келген Қазақстан азаматы хабарландыру сайттарынан аталмыш жасыл-сары түсті лоторея терминалдарын  жиі әрі қолжетімді бағада кездестіруге болады. Мұнда терминалдар үш жүз мыңнан төрт жүз мың теңгеге дейін бағаланыпты. Сарапшылардың есебінше, әрқайсысы бір аптаға жетпей сатылып кетеді екен.

«Лоторея және лоторея қызметі бойынша 1-қарашадан бастап заң қабылданды. Лотореяны тек операторлар ғана жүргізеді. Ол операторлар үкіметпен тағайындалады, бірақ осы күнге дейін әлі анықталмады. Оператор өзі қалай жүргізу керек екенін біледі. Егер операторсыз осындай ойындар ойнатылса ол заңсыз деп саналады және сотқа материалдар жіберіледі», - деді Алматы қаласы МКД түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Заңғар ШЫҢДАЛИ.

Демек елімізде лоторея терминалдарын қадағалайтын бірыңғай оператор тағайындалмағандықтан бұл кәсіп көзі заңсыз деп танылып отыр. Жыл басынан бері 50-ге жуық ойын автоматы алынып тасталған. Темір жол вокзалында жүргізілген тексерісте арнайы тергеу қызметкерлерімен 12 лоторея аппараты сүрілді. Ал, вокзал өкілдері көлеңкелі ойын кәсібі туралы түсінік беруге асықпады.

Сүрілген терминалдардың қожайындары анықталса, іс сотқа жіберілмек. Енді оларға Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 302-бабы, яғни заңсыз ойын кәсібін ұйымдастыру бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылатын болады.

Назкен Байтілес, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы