Қостанайда 7 ауылдың атауы өзгерді

08.10.2018 17:00

Биыл Қостанайда 70-тен астам көшенің атауы өзгерген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазымбек Ахметовтің айтуынша, биыл облыста 4 ауылдың атауы өзгерді. Жақында ғана Қостанай қаласындағы бұрынғы Авиационная көшесіне Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілсе, Казахская көшесі Әбілсай болып өзгерді. Арқалық қаласындағы №4 мектепке Кейкі батыр есімі, Меңдіқара ауданындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжіне Кәмшат Дөненбаеваның есімін беру туралы ұсыныстарды республикалық ономастика комиссиясы мақұлдады.

«2018 жылы өңірімізде 9 әлеуметтік нысан, 3 ауылдық округ, 4 ауыл, 73 көшенің атауы өзгертілді. Бұл көрсеткіштерге тұрғындар арасында өткізілген түсіндіру-ақпараттық жұмыстар арқылы қол жетті. Федоров, Қарабалық, Таран, Жітіқара аудандарында көше аттарын өзгерту кезінде көптеген түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Наурыз айында Затобол кентінің мәртебесі мен атауын аудандық маңыздағы Тобыл қаласына өзгерту туралы ұсынысты көпшілік қолдады. Ал жақында зиялы қауым өкілдері мен Таран ауданы жұртшылығының Елбасына, облыс және аудан басшылығына жолдаған жазбаша ұсыныстарына сәйкес, Таран ауданына Бейімбет Майлин есімін беру туралы бірлескен отырысы өтті», - дейді Қазымбек Ахметов.

Брифингте белгілі болғандай, алдағы уақыт жер-су атауларын қайта қалпына келтіруде ҚР Үкіметі жанындағы республиалық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 12 наурызындағы отырысында бекітілген Қазақстан тарихындағы жалпыұлттық деңгейде танымал 150 тұлғаның есімі бар «Тарихи тұлғалар», «Тарихи опонимдер және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері қатаң басшылыққа алынбақ.

Жиында Таран аудандық мәслихаты тұрақты комиссиясының төрайымы, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Наталья Руднева, «Нұр Отан» партиясы Таран аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Айнаш Даданова, Таран ауылы жергілікті қауымдастығы мүшесі Гаухар Асановалар тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

 Еске салсақ, Таран ауданына Бейімбет Майлин есімін беру туралы мәселе 4-5 ай бойы республикалық ономастикалық комиссиясында қаралады. 

Теги: көше