Олжас Сүлейменов Мәдениеттерді жақындастыру орталығының басшысы болды

10.12.2018 21:20

Олжас Сүлейменов жаңа қызметке тағайындалды.

/amp-iframe>

Танымал қоғам қайраткері «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейіне» директор болып тағайындалды. Жаңа басшыны орталық ұжымына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырды.

«Мәдениеттерді жақындастыру орталығы – тек Қазақстанның тарихы үшін ғана емес, әлемдік мәдениеттің дамуы үшін маңызы зор бірегей мекеме. Бұл орталықтың басшылығына Олжас Сүлейменовтің келуі бекер емес. Себебі, осыдан 5 жыл бұрын ЮНЕСКО трибунасында мәдениеттерді жақындастыру идеясын Олжас Омарұлы ұсынған болатын. Сізге ғылыми орталықты басқаруға келісім бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Үш жыл бұрын осы орталықты академик Карл Байпақовпен бірге ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату үшін құрған болатынбыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Олжас Сүлейменов өз кезегінде орталықтың жұмыс істеу бағдарламасы кеңейетінін айтты. Айта кетейік, 2016 жылы құрылған музейді күні кешеге дейін археолог Карл Байпақов басқарған болатын. Белгілі ғалым жақында ғана дүниеден озды. Көрнекті қайраткер Байпақов негізін қалаған бағдарламаларды жалғастыра отырып, ғылыми орталықтың құрамына түзетулер мен өзгерістер енгіземіз деді қаламгер.

«Менің бұл салада жүргеніме көп жылдың жүзі болды. Сондықтан, орталықтың алғаш болып дәл Қазақстанда құрылуы мен үшін аса маңызды. Себебі, бұл идеяның авторы – қазақстандықтар. Бұл идеяны жүзеге асырған Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігі. Нәтижесінде, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бұл ұсынысты мақұлдады және қазірдің өзінде мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығы жүріп жатыр. Енді біз орталықтың тақырып аясын кеңейтіп, әлемнің барлық мәдениеттерін жақындастыратын боламыз», – деді «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» РМҚК директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.