Атырауда шекарашыны пышақтап кетті

13.11.2018 17:02

Атырау шекара отрядының «Сазды» шекара заставасында күдікті адамды ұстау барысында шекарашылар қару қолдануға мәжбүр болды.

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлағандай, «Жағалау күзеті» Өңірлік басқармасының Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Сазды» шекара заставасының аумағында застава бастығының орынбасары басқарған шекара наряды қызметтік қаруын қолдана отырып белгісіз ер адамды ұстады.

Оқиға 2018 жылғы 10 қарашада болды. Жақын маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны «Сазды» шекара заставасына телефон шалып, Мемлекетттік шекара сызығының маңынан күдікті бір адамды байқағаны туралы ақпарат берді. Айтылған жерге тез арада шекара наряды жіберілді.

«Бейтаныс адам иыққабының ішінде не бар екенін көрсету туралы наряд басшысының талабына жауап ретінде оған пышақ сілтеп, жаралаған. Өзін қорғау мақсатында және күдіктіні қолға түсіру үшін шекара нарядының басшысы табельді қаруынан оқ атып, шабуыл жасаушыны құлатқан. Ұсталған адамға Қиғаш ауылының фельдшері алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткеннен кейін, ары қарай шекара наряды оны Құрманғазы аудандық емханасына медициналық көмек көрсету үшін алып кетті», – делінген хабарламада.

Жаралы офицердің жағдайы ауырлау болғандықтан, сол маңдағы ең жақын медициналық мекеме, Ресейдің Астрахань облысындағы Красный Яр елдімекенінінің ауруханасына жеткізіліп, ота жасалды. Қазіргі уақытта офицер сол емхананың хирургия бөлімінде. Жағдайы орташа.

Болған оқиға туралы құқық қорғау органдары құлақтандырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.