2050 жылы әлемдегі қарттардың саны 1,6 миллиардқа жетеді – БҰҰ

2050 жылы әлемдегі қарттардың саны 1,6 миллиардқа жетеді – БҰҰ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

1 қазан күні Біріккен ұлттар ұйымы Халықаралық қарттар күнін атап өтеді. Әлемде жасы 60-тан асқан қариялардың саны 1995 жылы 542 миллион болса, 2025 жылы шамамен, 1,2 млрд-қа жетіп, екі есеге артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ ресми сайтына сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, баланың аз туылуы және халық арасындағы өлім-жітімнің азаюы әлемдегі демографиялық ахуалды айтарлықтай өзгертіп жіберген. Бүгінде әлем «қартайып» жатыр. Қарттардың саны артып, балалар мен жастардың үлесі қысқаруда. 2015-2050 жылдары әлемде 65 жастағы және одан үлкен кісілердің саны 2,5 есе өсіп, 1,6 миллиардқа жетеді деген болжам бар.  

«Жастар және бүгінгі күні билікте отырған адамдар бір күні өздері де қартаятынын естен шығармағаны абзал. Олар келешекте өздеріне қандай өмір тілесе, бүгіннен бастап қарттарға сондай жағдай жасауға кіріскені жөн», – дейді БҰҰ қарттар құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Роза Корнфелд-Матте.

БҰҰ арнайы баяндамашысы аға ұрпақ та қоғамның толыққанды мүшесі екенін, сондықтан олар да құр отырмай, өздерінің игілігіне тікелей қатысы бар шараларды құруға және іске асыруға белсене қатысуға тиіс екенін атап өтті. Олар сонымен қатар, өз білімі мен өмірлік тәжірибесін жастармен бөлісіп, өз құқықтарын толығымен пайдалануға мүмкіндік алуы керек дейді ол.  

Еске сала кетейік, 1980 жылы жасы 60-тың үстіне шыққан ғалам тұрғындарының саны бүкіл халықтың 6 пайызын ғана құраған еді. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш 16 пайыздан асады деп күтілуде. Еуропада 2015 жылдың өзінде 65-тен асқан қариялар бүкіл халықтың 18 пайызын құраған болатын. Ал өткен жылы Солтүстік Америкада бұл көрсеткіш 15 пайыз болды.

Халықаралық қарттар күні 1991 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 45-сессиясында белгіленген, содан бері жыл сайын атап өтіледі.


Новости партнеров