Ақтөбеде такси жүргізушісі қайырымды ісі үшін марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бүгін такси жүргізушісіне алғыс хат тапсырды. Олар жолаушының ұмыт қалдырған 1,1 миллион теңгесін қайтарып берген.
«Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің бастығы Махамбет Абисатов Ақтөбе қаласының екі тұрғынына алғыс хат табыстады.
10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні Аслан Наби және оның танысы Дарын Ембергенов жеке тасымалдаумен айналысып жүріп, ер адамды үйіне дейін жеткізіп салады. Біраз уақыт өте артқы орындықтан қомақты қаржыны көреді. Жеке тасымалдаушылар көп ойланбастан құқық қорғау орындарына жүгінуді ұйғарып, №3 Алматы ауданы полиция бөліміне барып, клиенттердің бірі ақшаны қалдырып кеткендігі туралы айтады. Көп ұзамай полицияға ер адам хабарласып, таксиде 1 миллион 100 мың теңгесін қалдырып кеткендігі туралы мәлім еткен.
Аслан мен Дарын бұл ісін ерлік деп санамайды. Жастар ешкімге ақша оңайлықпен келмейтіндігін әрі заңға бағыну, адамгершілік әр азаматтың парызы деп біледі. Бұл қаражат емге немесе несие қарызын өтеуге арналған да болуы мүмкін. Осы оймен олар ақшаны тиесілі иесіне қайтаруды жөн көрген», - деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.