ҚазҰУ түркі әлемінің үздік университеті атанды

28.12.2018 17:06

Өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы бойынша Түркі халықтарының дүниежүзілік конгресі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Түркі әлемінің үздік университеті» атағымен марапаттап, ректор академик Ғалым Мұтановқа халықаралық ұйымның атаулы алтын медалін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркі халықтарының дүниежүзілік конгресінің президенті Яхья Алиев құттықтау сөзінде жетекші қазақстандық университеттің жоғары жетістіктерін, оның зор ғылыми-инновациялық әлеуеті мен қарқынды дамуын атап өтті.

Ректор Ғалым Мұтановтың басшылығымен ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды, бұл ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингілерде айтарлықтай табыстарға жол ашты.

Аталмыш озық тәжірибені әлемнің басқа жоғары оқу орындары ігеруде, ал түркі тілдес елдердің университеттері үшін ол үлкен үлгі. Сонымен бірге, ол шығыс философы мен ұлы ойшылы - әл-Фарабидің есімі берілген ҚазҰУ әлемде кеңінен танымал екендігін атап өтті.

Университет түркі елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша үлкен жұмыс атқарып келеді. Ал университеттің жетекші позициялары - мемлекет тарапынан адам капиталын дамытуға ерекше назар аударылуда екендігінің және де қазақстандық жоғары білім жүйесінің биік деңгейінің белгісі.

Айта кетерлігі, Түркі халықтарының дүниежүзілік конгресі - халықаралық қоғамдық бірлестік. Оның қызметі түркітілдес мемлекеттер арасындағы білім, ғылым және мәдениет саласында ынтымақтастық пен достық қатынастарды нығайтуға бағытталған.