Шымкенттің «кілті» жөндеуден өткізілді

31.10.2018 17:06

Шымкентке Ташкент бағытынан кіретін оңтүстік қақпа толықтай жаңартылды. «Шымкенттің кілті» атанып кеткен алып нысанның темірлерінің тозығы жетіп, көзге қораш көрініп тұрған-тұғын, деп жазды otyrar.kz.

Қақпаның сәулеттік кескіндемесі өзгеріссіз қалды, тек гранит тастармен безендіріліп, қақпа төріндегі облыс атауы қалаға ауыстырылды.

Бұл нысан қаланың көркеюіне мол үлес қосқан Асанбай Асқаровтың кезінде салынған болатын. 

«Кілт» авторларының бірі Оңғарбек Әуезов бүгінде сәулет өнерінен сабақ беретін ұстаз. Автор бұл туындысын «әу баста кілт болады деген жоқ едім, қазақтың қоңыр дауысты қобызына ұқсатып жасадым», — дейді.

«Қазақстанның құрметті архитекторы» Оңғарбек Әуезов: «Асанбай Асқаровтың талай игі іске мұрындық болғаны белгілі. Бұл туынды да А.Асқаровтың идеясы. «Өзбекстаннан келе жатқан халық мұнда келгенде көрсін Шымкенттің тарихи қала, қолөнердің қаласы екенін» деп тапсырма берген болатын. Қазақы нақышта жасап шықтым. Мақұлданған соң, тез арада тұрғызыңдар деді. Аз уақыт өтпей реконстурукциясын жасадық. Наурыз айында орнаттық. 1981-ші жылы болатын» деп еске алады. Расында тұрғызылғанына ширек ғасырдан астам уақыт болған алып нысанға биыл күрделі жөндеу жасалды.

Бұл бастаманы Абай ауданы әкімдігі көтеріп, ұсыныс шаһар басшысының қолдауына ие болған. Темірлері алынып тасталып, орнына гранит тастармен көмкерілді. Көзге көрікті көрінеді.

Жөндеу жұмыстары 12 қыркүйекте басталған болатын. Оны «Мрамор Гранит Тас» серіктестігі жүргізді. Жыл соңына дейін мұнда саялы саябақ салынбақ. «ЛТД Тұрмыс» серіктестігі 1 гектар аумақты саябаққа айналдырмақ ниетте.

Кілттің жоғары жағына қала атауы латын харпімен жазылды. Шымкенттен шыға беріс тұсына жолаушыларға «Сәтті сапар» тілеп тұрса, Ташкенттен кіре беріс тұсына «Қош келдіңіз!» деп жазылған.

Қалаға кіреберіс жолдың екі қапталында көптеген нысандар ретсіз орналасқан. Сол жағында бұрынғы көлік базары, одан қалса көлік жөндейтін түрлі орындар орналасқан. Абай ауданының әкімдігі қалаға кіретін екі жақтама трассаның бойын заңсыз құрылыс нысандарынан тазартуды көздеп отыр.

Бүгінде тиісті органдар аталмыш орындардың заңдылығын тексеру үстінде. Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан Ташкент бағытынан кіретін халықаралық транзиттік жолдың  қалаға кірер жерасты өткеліне дейін 54 нысанды зерттеп, оның 25-і заңсыз орналасқаны анықталған. Аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың айтуынша, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, концепциялық жоба ұсынылады.

Алдағы уақытқа жоспарланған жоба бойынша Ташкент трассасының бойы адам айтса нанғысыз керемет кейіпке енбек.


Теги: ключ въезд