|
06.11.2018 | 18:07
2449

Алматыда күн сайын 30 мыңдай адам заңсыз тасымалдаушылар қызметін пайдаланады

Алматыда күн сайын 30 мыңдай адам заңсыз тасымалдаушылар қызметін пайдаланады

Алматыға заңсыз қатынайтын қалааралық бағыттағы автобустар жаппай тексеріледі. Олардың қауіпсіздік ережелерін сақтағаны және техникалық бақылаудан өткені туралы құжаттары жіті назарға алынады. Егер тиісті рұқсаттары жоқ болса, ондай қоғамдық көліктер айыптұраққа жөнелтіледі. Ал иесі әкімшілік жаза арқалайды. Жергілікті билік өкілдерінің мұндай қатаң шараны қолданбасқа амалы қалмай тұр. Өйткені, шаһар аумағына күн сайын табысын жасырып, заңсыз жұмыс жасайтын жүзге тарта автобус кіріп-шығатын көрінеді.  

Алматыға күн сайын қалааралық бағытта жолаушы тасымалдайтын 150-ге тарта автобус келіп-кетеді. Бірақ солардың тек 60-ы ғана ресми жұмыс жасаса, қалғанының бәріы жолаушыларды заңсыз тасымалдап, табыстарын жасырады. Соның кесірінен қала қазынасына қомақты салық түспей отыр дейді жолаушылар көлігі басқармасындағылар. Мамандардың айтуынша, мұндай заңсыз рейстердің қызметіне күн сайын 30 мыңға жуық адам жүгінеді.

«Мысалы, біздің автовокзалдан Оңтүстік Қазақстан, Шымкент қаласына 1500 теңгеге апарады дейік. Олар жолаушыны көшеден 500 теңгеге де алып кетеді, 2 адаммен де кетіп қалады. Олардың қанша адамды нақты тасып жатқаны және табыс бюджеттен тыс кетіп жатқанын біз әлі білмейміз. Жолаушыларды тасымалдаудан бөлек, автобус салондарына жүк тиеп алады, тез өртенетін заттарды тиеп алады. Біздің заң бойынша ондайға мүлдем тыйым салынған», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Әсет ТӨЛЕУІШОВ.

Заңсыз тасымалдаушылар қазынаны табыстан қағып қана қоймай, жолаушылардың өміріне де айтарлықтай қауіп төндіреді. Жасырын жұмыс істейтін жекеменшік автобус иелері көбінесе қауіпсіздікке мән бермейді дейді мамандар. Айтуларынша, мұндай жүргізушілер рейс алдында медициналық бақылаудан өтпейді. Әрі көбінесе техникалық бақылаудың қолдан жасалған карталарын көрсететін көрінеді. Осындай жол жиегін аңдып, жолаушыларды арнайы автобекеттерге жеткізбей қағып кететіндердің кесірі заңды түрде жұмыс істейтіндерге тиіп отыр.  

«Бізге кіретін жолаушыны жолдан тартып алып кетіп тұр ғой енді. Соның есебінен біздің табысымыз азайып жатыр, бізге келетін табыс соларға кетіп жатыр. Жолаушылар заңсыз автобустарды неге қолданады дейсіз ғой? Өйткені, олардың бағасы төмен болады. Өйткені, олар салық төлемейді. Салықтан басқа да міндетті төлемдер бар ғой, бюджетке оларды да төлемейді. Заңсыз болғаннан кейін, Үкіметке ешқандай ақша төлемегеннен кейін олардың бағасы біздің бағадан төмен болады», – деді «Сайран» автобекетінің тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан ӘБІЛДАЕВ.  

Енді қаланың жауапты басқарма өкілдері жыл соңына дейін заңсыз тасымалдаушылардың қызметін түбегейлі жоймақшы. Осы ретте Алматы-Абай, Алматы-Сарыағаш және Алматы-Шардара сынды бірқатар жаңа рейстер ашпақ. Сондай-ақ, билеттерді онлайн сатудың бірыңғай электронды жүйесін енгізу қарастырылып жатыр.  

Жергілікті билік өкілдері бұдан былай заңсыз жолаушы тасымалдайтын қалааралық бағыттағы автобус иелерімен күресті күшейтуді көздеп отыр. Енді қаланың кіреберісіндегі полиция пунктерінде автобустардың тиісті құжаттары мен техникалық бақылаудан өткенін растайтын анықтамалары жаппай тексеріледі. Егер тасымалдаушылардың қолында тиісті құжаттары жоқ болса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.


Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир