Синоптиктер қаңтардағы ауа райына болжам жасады

Синоптиктер қаңтардағы ауа райына болжам жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазгидромет» РМК синоптиктері Қазақстан көлемінде 2019 жылдың қаңтар айына болжам жасады.

Алдын ала болжамға сәйкес, қаңтарда орташа айлық ауа температурасы республиканың оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысында нормадан 1°С жоғары, ал қалған аймақта климаттық нормаға жақын болады, деп жазады Sputniknews.

Айлық жауын-шашын мөлшері нормаға жуық және нормадан жоғары, тек Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде нормадан төмендейді.

«Бірінші онкүндіктің басында республиканың солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық аймақтары суық антициклонның ықпалында қалады. Сынап бағанасы түнде 25…30, кей жерлерде 35 дейін, күндіз 15…20, кей жерлерде 25 градусқа дейін төмендеп, аяз болады», — деп жазылған хабарламада.

Ал еліміздің батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстігінде ауа райы айтарлықтай суытпайды. Ауа температурасы түнде 2…7, кей жерлерде 12 дейін аяз, күндіз 0…5 жылы, кей жерлерде 5 дейін суық болады.

«Осы айдың ішінде жылы ауа массасының жиі шығуына және фронтальдық бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы жылы және жауын-шашынды болады. Тек бірінші және үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы төмендеуі мүмкін», — деп түйіндейді метеорологтар.

Синоптиктер жағдайдың өзгеруіне қарай консультативтік болжам өзгеріске ұшырауы мүмкін екенін ескертті.


Новости партнеров