«Алматы туры» велошеруі биыл әлемнің 60 елінде көрсетіледі

28.09.2018 23:10

Дәстүрлі «Алматы тур» велошеруі оңтүстік астанада осымен 6-шы рет өткізілгелі отыр. Оған 15 мемлекеттің ең үздік деген велошабандоздар қатысады. Ауқымды спорттық шара алдағы демалыс күндері өтеді деп жоспарлануда. Осынау додаға орай, сенбі және жексенбі күні Алматының орталық көшелері жабылуы мүмкін.

Атап айтар болсақ, велошерудің алғашқы күні, яғни 29 қыркүйекте Төле би, Байзақов, Сәтбаев және Желтоқсан көшелері, сонымен қатар, Достық, Назарбаев, әл-Фараби және Абай даңғылдары жабылады.

Ал 30 қыркүйекте велошеру Шығыс айналма автокөлік жолынан басталып, Әл-Фараби даңғылымен жалғасады. Нақтылар болсақ, Тұңғыш Президент саябағынан Достық даңғылына дейін, одан әрі Медеу мұз айдынына қарай ұласады. Спорттық шара 11:00-ден 16:00-ге дейін жалғасады.

Айта кетейік, өткен жылы «Алматы турының» статусы екікүндік болып өзгерген болатын. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі велодода болғалы тұр дейді ұйымдастырушылар. Байрақты бәсеке 60 елде тікелей эфир арқылы көрсетіледі.

«Тек қазақстандық емес, әлемге белгілі телеарналар да түсіреді, олардың қатарында Eurosport арнасы бар. Ол арнадан 30-дан астам елдің тұрғындары тамашалайды. Қазақстанның спорт нарығы шетелдік әріптестерімізді қызықтырып отыр, сол үшін олар былтыр да бізге жақсы жарнама жасаған болатын», - дейді Қазақстанның велосипед спорты федерациясы вице-президенті Аманбек Кульчиков.

Демалыс күндері Алматыда тек велодода емес, сонымен қатар, жыл сайынғы Fan Run форматындағы әйелдерге арналған марафон өтеді. Қатысушылар ерекше образбен шығып, «Атакент» көрме залынан таңғы 9-да жүгіруді бастайды.

«Биылғы жылы 350-ден аса қатысушы 8 шақырымды еңсергеннен кейін арнайы медаль мен гүлдерге ие болады. Сонымен қатар, әйелдер жарысқа ерекше киіммен қатысады. Яғни, спорт әрі денсаулыққа пайдалы, әрі көңіл-күйді көтеретіндей болуы керек деп шештік. Олар Атакент паркін 2 айналым жасап жүгіреді. Бұл күні жүгіруден бөлек сахнада көңілді ойын-сауық бағдарламасы болады», - дейді жарысты ұйымдастырушы Құралай Ерменбаева.

Сондай-ақ, орталық мәдениет және демалыс саябағында таңертеңгі 10-нан бастап көше өнерінің фестивалі ұйымдастырылмақ. Онда тұрғындарән, би, айтып, футбол алаңдарында доп тебе алады.

Гүлшырын Серікқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы